Ерлер мен әйелдер денсаулығы, Көпсалалы

Мекенжай: Қазақстан, Қызылорда, Сұлтан Бейбарыс к-ci, 70

Байланыс: +7 771 821... - Көрсету

Мейірімділік пен ізгіліктің жаршысы 11.09.2023 жарияланған

Мейірімділік пен ізгіліктің жаршысы


Кез келген өркениетті мемлекеттегі аса маңызды қоғамдық саланың бірі – медицина саласы. Себебі мемлекеттің байлығы саналатын халықтың денсаулығы – оның толыққанды ел екендігінің де басты көрсеткіші болып саналады. Дәрігердің еңбегі мен жұмсаған қуатының бағасы – науқас адамға көрсеткен көмегі. Бұл дәрігерлік тәжірибенің артуы мен оның беделінің өсуіне септігін тигізеді. Бүгінгі әңгіме желісі таңдаған мамандығының майталманы атанып, қазіргі таңда жеке клиниканың тізгінін ұстап, зейнеткерлік жасқа шықса да өз білім-білігін оң тұрғыда іске асырып отырған елеулі жан Култаева Ляйля Айтбайқызы.

Ляйля Айтбайқызы 1959 жылы Сыр өңірінде дүниеге келген. Балалық шағын аталмыш өлкеде өткізген жан 1979 жылы Қызылорда қаласында орналасқан №8 П.Осипенко атындағы орта мектептің түлегі атанып, сол кездегі көптің арманы мен мақсатына айналған Қызылорда медициналық училишесінің акушерлік бөліміне оқуға түсіп, оны үздік дипломмен бітіріп шығады. Дәрігерлік жолды мақсат тұтқан жан 1982 жылы Целиноград (казіргі Астана) қаласының мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, 1988 жылы "Емдеу ісі" факультетін акушер-гинеколог мамандығы бойынша аяқтап шығады. 

Қоғамда дәрігердің беделі науқас адаммен тіл табысуда үлкен  рөл ойнайды. Отандық медицинаның классиктері медицина қызметкерінің беделін көрсететін амалдарды тереңірек іздестіріп көріп, шешімін тапқандай. Бірінші ретте – терең білім, науқас адам және оның мәселелерін сабырлы, дұрыс және тез түсіне білу қабілетіне сай, осыған байланысты оның тез және толық сауығуына лайықты жол таба білу. Бұл – дәрігердің бірбеткейлігін, шынайылығын, мейірімділігін, сыпайылығын, барлық адамгершілік көрінісін ашатын жеке қыры болып саналады. Дәрігердің әр әрекеті мен ісінде әрдайым басты мақсат көзделеді, ол – ауру адамның ауруынан айығуы үшін ұтымды қызмет атқару. Бұл жолда кейіпкеріміз Ляйля ханым да аянып қалған жоқ. Өзіне жүктелген әрбір міндетті тереңнен ұғынып, ана мен бала арасында алтын көпір бола білді. Көптің көңілінен шыға білді. Алғаш ана атанатын жандарға аман-есен босану бақытын сыйлай білді десек жасырын емес-ті.  Қызметтік жолын кейіпкеріміз өзінше өрбіте білді.

1989-1994 жылдары Ляйля Айтбайқызы Қызылорда қаласындағы қалалық перзентханада дәрігер акушер-гинеколог болып қызмет атқарды. Жинақтаған білімі мен біліктілігінің арқасында кейіпкеріміз еңбек жолын 1994-2000 жылдары аралығында босану бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, абыройлы қызмет атқарады. Одан әрі 2001-2004 жылдары бас дәрігердің орынбасары болып нәтижелі жұмыстар тізбегін көрсете білді. 2004-2005 жылдары Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасында бас маман, 2005-2012 жылдары  облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары болып, білімі мен білігі ұштасқан жан ретінде көптің көңілінен шыға білді.

Ляйля Айтбайқызы 2013 жылы облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері болып тағайындалып, бір мезгілде «Ана мен бала орталығы» жаңа перинаталдық орталығының құрылысы мен пайдалануға беру жұмыстарын үйлестіріп, кейіннен аталған орталықтың 2016 жылға дейін басшысы қызметін атқара білді.

Адамға өмір бір рет беріледі. Ал оның қауіпсіздігіне кепілдік беретін – дәрігерлер. Сондықтан да дәрігерлер қауымы үшін білікті де білгір, мейірімді де иманды әрі ізгі болу – шарттылық.  Осы бір қызметтің тізгінін ұстаған жан Ляйля Айтбайқызы "Ана мен бала" орталығының және облыстың акушерлік-гинекологиялық қызметінің дамуына үлкен үлес қосты.

Ляйля Айтбайқызы өзінің медициналық іс-тәжірибесінде мындаған адамның денсаулығын сақтап қалған білікті маман, аса кадірлі тұлға бола білді, сонысымен де қазір ел арасында есімі көптеп танылып келеді.

2016 жылдан бастап кейіпкеріміз қызметтік жолында ауыс-түйістер орын алып, Қызылорда медициналық колледжінің директоры болып лауызымды қызметке тағайындалды. Мұнда да Ляйла Айтбайқызының медициналық колледждің өркендеуіне қосқан үлесі зор. Оның жетекшілігімен республикадағы алғашқылардың бірі болып Қызылорда медициналық колледжі – жоғары медициналық колледж болып қайта құрылды, «мейірбике ісі» бакалавриат факультеті ашылды. 2016 жылғы 18 маусымдағы Білім беру сапасын қамтамасыз ету Тәуелсіз Қазақстандық агенттігінің аккредиттеу комиссиясының шешімімен колледж аккредитациядан өтті. Аталған мекеме ұйымдастырған емтиханның қорытындысы бойынша оқу орны республикадағы үздік үш колледждің қатарына ене білді.

Медицина саласы мен ұстаздық жолды ұштастыра білген жан әсілінде осал болуы мүмкін емес-ті. Мансаптық жолда үздік деп танылып, көптің көкейінен орын ала білген жан  2018-2020 жылдары Республикалық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалында бас сарапшы болып жұмыс атқарды. Қызылорда облысының медициналық мекемелерінде сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бағытында да жұмыс жасай білді. 

Қазіргі таңда кейіпкеріміз зейнетке шықса да халық игілігі аясында қызмет көрсететін өз жеке клиникасын ашты. «Аскадия» клиникасы халыққа сапалы медициналық көмек көрсетіп отыр. Ляйля Айтбайқызының жалпы медицина саласында жұмыс өтілі 33 жыл, оның 14 жылында мемлекеттік қызметкер болды. Ляйля Айтбайқызы еңбек жолының қай бөлігінде болсын мамандығынан қол үзбей, үнемі дамытып отырды. Өзінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өз кезегінде Алматы қаласындағы Республикалық ғылыми-зерттеу орталығында денсаулық сақтау ұйымдары жоғарғы мектебінің базасында және алыс- жақын шет елдерде, атап айтқанда Түркия, Тәжікстан, АҚШ, Голландия және Ресейде білім жетілдіру курстарынан өткен. Еңбек барысында Сыр өңіріндегі ана мен бала арасындағы сырқаттарды азайту және олардың денсаулығын нығайту бағытында көптеген мәселелерді көтеріп, шешуге ықпал жасады.

Ерен еңбегі бағаланып, Ляйля Айтбайқызы "Құрмет" орденімен, "ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі", 2Алтын дәрігер", "Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін" белгілерімен, "Қызылорда қаласының 190 жылдық", "Қызылорда медициналық колледжінің 80 жылдық" медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстық әкімшіліктің, облыстық денсаулық басқармасының бірнеше "Құрмет" грамоталары мен Алғыс хаттарының иесі атанып үлгерді. 

Бүгінде дамудың даңғыл жолына бет алған жұртымыздың басына көтеріп отырған ортақ шаңырағына уық болып қадала білген нағыз мамандардың парқын білетін елдің ешқашан экономикалық һәм рухани тоқырамасы айдан анық. Жайсаң көңіл, мәрт мінезді анамыздың өзіне нәсіп болған тағдыр мен өмірге жолыққан жақын адамдарына, барлығына дерлік дән риза қалыпта адалдық пен шыншылдық жағына болысып, ғибратты ғұмыр жасай білген жан десек, қателеспесіміз айдан анық. 

Бүгінгі таңда кейіпкеріміздің ұлы Бауыржан мен келіні Назираның аяулы анасы. Асия, Абылайхан, Әлихан, Жанель, Жанияның атты немерелердің сүйікті әжесі деп мақтанышпен айта аламыз.

Ляйля ханым бүгінгі таңда құт пен береке дарыған білдей бір қара шаңырақтың тізгінін ұстап отырған асыл Ана дей келе, дәрігеріміздің алда атқарылатын бастамаларына сәттілік, басына амандық, деніне саулық тілеп, ойға алға межесіне алқынбай жетсін деген тілек білдіреміз!

"АСКАДИЯ" клиникасы - барлық жаңалықтар мен акциялар Емханалардың барлық жаңалықтар мен акциялары